Елордада 18 қаңтардан бастап кафелер мен мейрамханалар қалай жұмыс істейді
Нұр-Сұлтан қаласында шектеу және карантин шаралары туралы Қаулы 18 қаңтардан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенованың қаулысына сәйкес, елорда тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының көбеюіне байланысты СОО мен қоғамдық тамақтану нысандары шектеу шараларын қатаң сақтаған жағдайда ғана жұмыс істейтін болады.
Сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда орталықтарының жұмысына күшейтілген режимде, яғни санитариялық-профилактикалық іс-шаралар сақталған кезде ғана рұқсат беріледі. Дегенмен ғимарат ішінің толымдылығы 30%-дан аспауы тиіс. Бұған қоса осы Қаулыда белгіленген жұмыс уақыты өткеннен кейін сатып алушылардың сауда залында болуына тыйым салынады. Ал жұмыс уақыты – 10:00-22:00 аралығында. Демалыс күндері аталмыш орталықтардың жұмыс істеуіне тыйым салынады. Тек орталық ішіндегі дәріханалар, сондай-ақ тамақ өнімдері, тұрмыстық маңызы бар заттар сатылатын шағын маркеттер, супермаркеттер, гипермаркеттер қалыпты режиммен жұмыс істейді.
Ал фудкорттардың жұмысы өзімен бірге алып кету тәртібі және курьерлік жеткізу арқылы ғана жүргізіледі.
Қоғамдық тамақтану нысандарында (мейрамханалар, дәмханалар, барлар, асханалар орналасқан жеріне қарамастан) жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін залда келушілердің болуына тыйым салынады. Жұмыс уақыты аптаның кез келген күні сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін. Дегенмен оның ішіндегі 30 отыратын орыннан аспайтын толтыру шарты сақталған кезде ғана жол беріледі. Бұл ретте ұжымдық, салтанатты, отбасылық, еске алу (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу) және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге қатаң тыйым салынады. Карантиндік және шектеу шараларын бұзу фактісі анықталған кезде мекеменің жұмыс істеуіне толығымен тыйым салынады.
Сонымен қатар, бильярд, караоке, боулинг-орталықтар, батуттар, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, букмекерлік кеңселер мен ойын клубтары, оның ішінде лотереялар ұтысы, жабық ғимараттардағы ойын алаңдары мен аттракциондарының жұмысы да тоқтатылады.
Айта кетейік, елорда коронавирус бойынша «қызыл» аймаққа енді. Бұған дейін хабарланғандай, эпидемиологиялық жағдайға байланысты және Нұр-Сұлтан қаласы бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, биыл крещение мерекесіне арналған ойықтарда дәстүрлі жаппай шомылу өткізілмейді.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz