30 игі іс: Жассарбаздықтар елорданың коммуналдық қызметкерлеріне көмектесті
Елорданың белсенді жастары Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан «30 игі іс» акциясы аясында «Астана тазалық» ЖШС қызметкерлеріне ыстық шай мен бауырсақ таратып, қардан тазалау жұмысына көмектесті. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Аталмыш шара «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.
«Жас Сарбаз» еріктілеріне ризашылығымды білдіргім келеді. Аязды күнге қарамастан көңіл-күйімізді көтеріп, жұмысымызға қолғабыс етіп жатыр. Сол сияқты мешітке келген жастарымыз әрдайым көмектесуге дайын тұрады. Елорда жастарының осындай жанашырлығы, үлкенге құрметпен қарауы бізді қатты қуантады», - деді «Астана Тазалық» КММ қызметкері Күләндә Иманалина.
«Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек елордалық жастарды осындай қайырымдылық шараларына атсалысуға шақырды.
«Мемлекетіміздің төл мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында «30 игі іс» акциясы аясында «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы көптеген іс-шара ұйымдастырып келеді. Мысалға біз ҰОС, Ауған соғысының ардагерлеріне, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, еңбек ерлеріне, әскери дәрігерлерге, пандемия кезінде алдыңғы шепте қызмет еткендерге, қарттар үйіне және балалар үйіне жәрдем етіп тұрамыз. Нұр-Сұлтан қаласының өзге де жастар ұйымдарын біздің қайырымдылық іс-шараларымызға атсалысуға шақырамыз», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдан бастап ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында елордада «30 игі іс» ауқымды акциясы өтіп келеді. Акция аясында мұқтаж отбасылардың баспанасын жөндеуге жәрдем ету, қарын тазалау, зейнет жасындағы адамдарға қыс мезгілінде отын әкелуіне көмек көрсету, пандемияның алдын алу мақсатында елордалық полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп бетперде тарату сияқты іс-шаралар өткізіледі. Бүгінгі таңда 100-ден астам игі іс өткізілді. Оларға елорда тұрғындары белсенді қатысып келеді.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz