Нұр-Сұлтанда туберкулезбен сырқаттану деңгейі бес есеге төмендеді
Нұр-Сұлтанда соңғы 10 жылда туберкулезбен сырқаттану және одан болатын өлім-жітім деңгейі 100 мың тұрғынға есептелгендегі көрсеткіштен 5 есеге төмендеді. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова онлайн брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Әлия Рүстемованың айтуынша, 2010 жылы алғаш рет анықталған туберкулездің 765 жағдайы тіркелген, 2020 жылы - 393 жағдай.
"Туберкулезге қарсы қызметтің жетістіктері қаланың медициналық ұйымдарының, сондай-ақ елорданың көптеген ведомстволары мен құрылымдарының жүйелі қызметімен тікелей байланысты", - деп түсіндірді ол.
Қазіргі уақытта елордада қала тұрғындарына профилактикалық флюорографиялық тексеру жүргізу үшін МСАК ведомстволық бағынысты ұйымдарында 16 стационарлық қондырғы және 4 жылжымалы флюорографиялық қондырғы бар.
"Амбулаториялық кезеңде ем алып жатқан туберкулезбен ауыратын науқастарды әлеуметтік қолдау туралы жеке айту қажет. Бұған дейін көмек азық-түлік жиынтықтары мен жол жүру карталарын бөлу түрінде, ал 2019 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап 10 АЕК мөлшерінде ай сайынғы ақшалай төлемдер түрінде көрсетілді", - деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz