Акция мақсаты – жастардың рухын көтеру
Бауыржан мен Әлиядай қаһармандардың бүгінгі
ұрпағының да рухы мықты, бағыты айқын, алар асуы алда. Олардың
әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіріп, еліне қорған болатын айбынды
ұл-қыздарды өсіріп шығару кезек күттірмейтін мәселе. Ал, 7-мамыр Отан
қорғаушылар күніне орай «Қазақстан Жастарының Конвентінің» ұйымдастыруымен
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Астана горнизонының №68665 ДШБ
әскери бөлімінде айтулы шара өтті.
Бақтияр Пернебеков, Астана қаласы Қорғаныс Істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:
Бүгін «Жауынгер, Отан алдындағы борышыңды қалай өтеудесің!» атты акция өткізіп жатырмыз. Мұндағы мақсатымыз - ҰОС ардагерлерін шақырып, жастардың рухын, патриоттық сезімін көтеру. Өйткені, ағаларының Отан алдындағы борышын өтеп жатқанын, күні бойғы дайындықты өз көздерімен көрген жастардың сана-сезімі де сергек болады деп ойлаймын.
Аталған шараға республика Қорғаныс министрлігінің өкілдері, ҰОС ардагерлері, Астана қаласының ЖОО студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Барлық қатысушылар әскери техника көрмесімен, Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздардың жағдайымен, олардың әскери дайындығымен танысты.
Талғат Рахманберді, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастығы:
Бұл әскери десанттық штурмдық батальонында әскердің элитасы қызмет етеді деуге болады. Өйткені, жастар мұнда келмес бұрын қатаң іріктеуден өтеді. Міне, бүгін әскер қатарына жаңа қадам басатын жастар сапта тұрған сарбаздармен, ардагерлермен кездесті. Жастар үшін мұндай акцияның маңызы зор деп білемін.
Аталған кездесуде жауынгерлердің әскери-техникалық дайындығы, тактикалық алаңдағы әскери іс-қимылдары көрсетіліп қана қоймай, қаланың студент жастары мерекелік концерт ұсынды. Ал, кеш соңынан барлық қатысушылар әскери ботқадан дәм татты.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz