446

Алтай Көлгінов: Мақсат – қолайлы орта қалыптастыру

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Егемен Қазақстан» басылымына қаланың тыныс-тіршілігі жайлы кең көлемде сұхбат берді. Елорда әкімі баспана, үлескерлер мәселелері, пандемия кезінде кәсіпкерлерге көрсетілген қолдау, газдандыру жұмысы, мектептер мен аурухана құрлысы, ұлт руханиятына қатысты атқарылып жатқан шаруалар жайлы өзекті сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

– Алтай Сейдірұлы, жуырда Президенттің қабылдауында болдыңыз. Сізге қаланы газдандыру мәселесін тиянақтауды тапсырды. Нұр-Сұлтан қаласындағы үйлер қашан толық табиғи газ желісіне қосылады?

– Нұр-Сұлтан қаласының дамуы, мұнда жүзеге асырылып жатқан жобалардың қай-қайсысы да Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының жіті бақылауында. Шаһарды газбен қамту – сондай жобалардың бірі.

Жалпы, жоспар бойынша қала ішінде газдандырылуы керек жер үйлері басым 16 елді мекен бар. Биыл, бұйыртса жыл соңына дейін сол 16 елді мекеннің 10-ы толық газға қосылады деп отырмыз. Дәл қазіргі сәтте 7 елді мекенде газ тарату желілері толық құрылып біткен. 2288 абонент, яғни 43 000 қала тұрғыны көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алып отыр.

Соның ішінде: Оңтүстік-Шығыс, Железнодорожный, Көктал-1, Агроқалашық (былтыр газға қосылмаған бөлігі) елді мекендерінде газ тарату желілерінің құрылысы аяқталуға жақын, алғашқы үйлер көгілдір отынға қосылып үлгерді.

Сонымен қатар, алдағы жылыту маусымында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ - Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерін газға қосуды жоспарлауда.

Алдымен, елорданың елді мекендерінде 350 шақырым газ тарату желілері салынды. Жүргізілетін жұмыстардың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз басты назарда.

Газдандыру басталған сәттен тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың үйлерін қосу бойынша көмек көрсету мәселесі қарастырылды. Бір жолғы әлеуметтік көмек зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі ересектерге, ерекше бала асырап отырған отбасыларға, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға беріледі. Былтыр газ тарифі төмендетілді. Газдың бір текше метрінің бағасы 45 теңгеден 34,6 теңгеге дейін төмендеді (бұрын бір текше метр үшін 60 теңге бағасын белгілеу болжанған болатын). Әкімдік жеке сектордың тұрғындары үшін газ есептегіштерді тегін орнату жағын қарастырып отыр.
Қаланың едәуір бөлігін жылумен қамтамасыз етіп отырған 1-ЖЭО және 2-ЖЭО жалпы алғанда 13 қазандықтан тұрады. Былтыр соның төрт қазандығы газға ауыстырылды. Осы жылдың соңына дейін қалған 9 қазандықты газға көшіреміз. Жалпы, шаһарымызды газдандыру 3 кезеңнен тұрады. Жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр. Тағы 1 мыңнан астам отбасы, үйіне газ қосуға техникалық шарттар алды. Жыл соңына дейін жалпы алғанда 11 558 абонент, немесе тағы да 143 000 қала тұрғындары газ қосуға толық мүмкіндік алады. Сонымен қатар қазіргі таңда қаланың екі аумағында жергілікті, автономды жылыту орталықтарын толық газға отырғызу жоспарымыз бар. 2023 жылы аяқталады.

Қаланың тұрақты дамуы үшін тағы бір маңызды шаруа ауыз су. Халық саны артқан сайын, су тұтыну көрсеткіштері де артып жатыр. Қазір қаланы қосымша ауыз сумен қамтамасыз етіп, оны фильтрден өткізіп, тұтынушыға жеткізу жоспары толық мақұлданды. Жоспар жүзеге асқанда жыл сайын қосымша 100 мың текше метр ауыз су, пайдалануға беріліп отырады.

Өздеріңіз білесіздер, елорданы газбен қамтамасыз етіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи жобасы.

Оңтүстік өңірден тартылған мың шақырым құбыр - үлкен еңбектің нәтижесі. Алғашында, Сарыарқаның сарышұнақ аязында көмір жағып үйренген жергілікті тұрғындар да, басқалар да елордаға газ келеді дегенге сенген жоқ. Шыны керек, бюрократиялық шырғалаңы көп жоба деп қарағандар да болды. Алайда бұл жоба жүзеге асып, астанамызға газ құбыры жеткізілді. Айтып өткенімдей, енді үй-үйге кіріп жатыр. Бұл – бұрын бейнет көріп келген қарапайым адамдар үшін үлкен қолдау.

– Мемлекет басшысы әлеуметтік нысандарды көбейтуді, жеңілдікпен берілетін үйлерді көбірек салуды міндеттеген болатын. Тұрғын үй құрылысы қалай жүріп жатыр? Жалпы, астанада баспана кезегінде қанша адам тұр?

– Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде 48 мыңнан астам адам тұр. Былтыр шаһарымызда 3 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Оның 80% - жеке инвестиция. Биыл бұл көрсеткіш 3,2 млн-ға дейін өсу керек. Дұрыс айтып отырсыз. Мемлекет басшысының қолжетімді тұрғын үй санын, құрылыс көлемін үш есеге арттыру туралы тапсырмасы болды. Өткен жылы біз бұл үдеден шыға білдік. Мысалы, жеңілдікпен берілетін пәтер алушылар санатын кеңейттік. Енді әлеуметтік пәтерлерге тек медицина қызметкерлері мен мұғалімдер ғана емес, әлеуметтік саланың басқа да өкілдері, өрт сөндірушілер, мәдениет және спорт қызметкерлері, полиция қызметкерлері де қатыса алады. Ал тұрғын үй сертификаттарының сомасын 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін арттырдық. Жастарға келетін болсақ, елордада «жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы екі жылдан бері жалғасып келеді. Бұған дейін мыңға жуық жас отбасы пәтер кілтіне ие болса, биыл тағы 300 жас отбасыға пәтер табыстау жоспарланып отыр.

Баспана мәселесі қоғамдағы өткір мәселенің бірі болғандықтан, мемлекет тарапынан жылдан жылға жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Нұр-Сұлтанда 2019 жылы 2900 әлеуметтік пәтер берілсе, 2020 жылы 7 мыңнан аса пәтер табыс етілді. Ал биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ілгерілеу бар.

Қала әкімдігі әлеуметтік нысандардың «қадамдық қолжетімдігін» қамтамасыз етуді басты мақсат етіп қойған болатын. Яғни, жаңа тұрғын үй кешені салынып беріле салмай, бірінші қабаттарында «үй маңындағы дәрігер» медициналық мекемелерін ашуды да қамтамасыз етіп келеміз. Олардың қатарында оңалту орталықтары, балабақшалар, медициналық көмек көрсету пункттері, полицияның тірек пункті және тағы басқа әлеуметтік нысандар бар.

Баспана мәселесін айтқанда елордадағы үлескерлердің жағдайын айтпай кете алмаймыз. Үлескерлердің мәселесін шешу жөніндегі жоспарымыз орындалып келеді. Бір жарым жыл ішінде «сақалды» құрылыс саны екі еседен аса азайды. 2019-2020 жылдары үлескерлердің 30-ға жуық тұрғын-үй кешендері пайдалануға берілді. Қалған 22 құрылысты 2021-2023 жылдары аяқтау жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, 2019 жылы ведомства аралық коммисияның шешімімен елордада үлескерлердің 52 тұрғын-үй нысаны «проблемалық» деп табылған. Ол дегеніміз 15 757 үлескер. 2019 жылы соның 10 тұрғын-үй нысанын толық аяқтадық. 13 үйде тұратын, 2 534 отбасы баспаналы болды.

2020 жылы 14 тұрғын-үй нысанын құрайтын 20 үйдің құрылысы аяқталып, тағы 2 723 отбасы үйлі болды.

Енді міне, 2021 жылы 18 тұрғын-үй нысанын, немесе 57 үйде тұратын 7300 отбасын «баспаналы» қыламыз деп межелеп отырмыз.

Жоспар бойынша 2022 жылы 40 үй, 2023 жылы тағы 20 үйді аяқтап, елордадағы үлескерлер мәселесін түбегейлі шешеміз деген жоспар бар.

Өздеріңізге белгілі ғой, кейбір үйлердің құрылысы тіпті 15-16 жылға дейін созылып кеткен. Қазір үлестік құрылыстардың кейбірін аяқтап, тұрғын үйлерді жөндеп, апатты жағдайдағы үйлерді сүріп жатырмыз. Өткен жылдың өзінде 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені жөнделді. Соңғы екі жылда 400-ден астам отбасы апатты жағдайдағы ескі үйлерден көшірілді. Биыл 200-ден астам отбасыны көшіреміз, оларға жайлы, ал ең бастысы – өмір сүру үшін қауіпсіз жағдай жасауды жоспарлап отырмыз.

– Әлеуметтік саланың негізі – білім беру мен денсаулық сақтау саласы. Халық саны артқан сайын мектеп пен аурухана, емханаларға сұраныс артатыны белгілі...

- Елорда бүгінде Еуразия жүрегі, әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Сәйкесінше халық саны да, соның ішінде оқушылар саны да үдері өсуде. Мәселен, 2010 жылы қалада 74 000 мектеп оқушысы болған болса, қазір 193 000. Енді 10 жылдан кейін 2030 жылы, бұл көрсеткіш 400 000 оқушыға дейін өседі деп отырмыз. Бұл жақсы хабар, «балалы үй базар», бізде енді соған сәйкес мектептер құрылысы да қарқынды болу керек.

Алдағы бес жыл ішінде 80 880 оқушыға арналған 67 мектеп салу жоспарланып отыр. Елордада жылына кемінде 10 мектеп салынбаса, өсіп келе жатқан халық санына сәйкес келмей, мектептерге артылған жүктеме әлеуметтік қиындықтар туғызуы ықтимал. Былтыр мәселен, пандемияның өршіп тұрғанына қарамастан елорадмызда 11 мектеп жаңадан бой түзеді. Биыл тағы 16 мектептің құрылысы жалғасуда. Бұл біздің қаланың құрылысшыларының ерен еңбегі деп білем.

Білім беру мекемелерін ғимаратпен ғана қамту жеткіліксіз. Сапалы білімді арттыру мақсатында болашақ педагогтарды ынталандыру үшін, орта білім алуға жыл сайын 800, жоғары білім алуға тағы 300 әкім грантын бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту үлесі жоспарлы түрде артатын болады.

«Қадамдық қолжетімдік» принципіне сәйкес, қосымша отыз «Үй маңындағы дәрігер» нысаны ашылады. Сонымен қатар, 5 медициналық мекеме салынады.

– Елорданың жасыл белдеуін әрі қарай дамыту үшін 2020 жылға дейін негізгі үш бағытта жұмыс жүргізу тапсырылған еді. Қалыптасқан аймақтардағы жасыл желектің тығыздығын арттыру, қала аумағындағы бос жерлерге тал егу, демалыс орындарын қалыптастыру. Осы жұмыстар қалай жүргізіліп келеді?

- Елорданы көріктендіру жұмыстарының бәрі «Нұр-Сұлтан - жайлы қала» мастер-планы тұжырымдамасы аясында жүргізіліп келеді. Яғни, осы сала бойынша нақты даму картасы бар. Биыл демалыс орындары мен жасыл желекті аймақтар айтарлықтай көбейеді. Экологияны жақсартып, тұрғындардың демалыста уақыт өткізуіне қолайлы орындар жасау үшін қаламызды көгалдандыруды жалғастыра береміз. Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерде (саябақтар, скверлер, бульварлар) тал-терек егуді жалғастырамыз.

Мәселен, Б.Момышұлы даңғылы бойымен жағалауға дейін жаяу жүргіншілер желекжолын абаттандырамыз. «Толқын тәрізді аллея» аумағында үстел теннисі мен шахматқа арналған үстелдер, демалуға және әткеншек тебуге арналған көлеңкелі аймақтар орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл «Триатлон паркін» жаңа бөртегүл бағымен біріктіре отырып, эко-маршрут құруға мүмкіндік береді. Онда мыңнан астам бөртегүл көшетін отырғызамыз.

Былтыр Триатлон саябағын ауқымды абаттандыруды бастадық. Өткен жылы қалада алғаш рет көпірасты алаңдар жасалды. Сарайшық көшесіндегі «Арқар» көпірінің астында спортпен айналысуға арналған бірнеше аймақ ашылып, саябақ аумағында футбол алаңдары орнатылды. Бұл – Триатлон мен Президент саябағы арасындағы көпір, ол биыл да жалғасады.

Мысалы, Тұңғыш Президент саябағында көлеңкелі бастырмалар, әткеншектер, үш субұрқақ, оның ішінде тұманды булану, орындықтар және т. б. орнатылды. Алдағы уақытта өзен арқылы вело-жаяу жүргінші көпірін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл көпір екі саябақты – Тұңғыш Президент саябағы мен Есіл өзенінің бойындағы саябақты бірыңғай кластермен біріктіруге мүмкіндік береді. Осылайша қала тұрғындары аудандар арасында кедергісіз жүре алады. Көпірдің бойында демалыс аймақтарын жабдықтаймыз, ал көпірдің ішіне(астына) әткеншек орнатамыз.

Әзірбайжан Мамбетов көшесі бойында, қаланың оң жағалауында «Демалыс Променад» деп, қазір жаңа қоғамдық кеңістік жасадық. Арбат іспетті, жаяу жүргіншіге арналған кеңістік болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қоғамдық кеңістіктерді (саябақтар, скверлер, бульварлар, бақтар) абаттандыру кезінде, көгалдандыруға ерекше назар аударамыз, өйткені бұл – қала дамуының ажырамас бөлігі.

Биылғы көгалдандыру жұмыстарының ерекшелігі аулалық аумақтардан, саябақтардан, скверлерден, бульварлардан, елді мекендерден басқа, көрікті жерлеріміздің іргелес аумақтарын көгалдандыруға кіріскенімізде. Бұл «бетонды орындар» санын азайтады.

Мысалы: Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театры мен «Астана Балет» аумағында жасыл бақ пайда болмақ. «Астана Опера» аумағында емен бағы, Триатлон саябағында бөртегүл бағы. Қазір барлық жерде көшеттер отырғызылып жатыр. Өзім де қаланы көгалдандыруға қатысамын. Қаланың барлық аудандарын, соның ішінде елді мекендерді көгалдандырамыз. Ағаш егуге қала тұрғындары, еріктілер, кәсіпкерлер де қатысатыны бізді қатты қуантады. Осы жылы 1 млн-нан астам жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т. б.) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде қаланың жасыл түске айналғанын, жаңа экоаймақтар мен «жасыл аралдар» пайда болғанын көруге болады.

Егер жылдан-жылға сапалы тал егіп, тал егу жоспарын осы деңгейде ұстап тұрсақ, елордамыз санаулы жылдар ішінде жасыл қалаға айналмақ. Бір кездері тек даладан тұрған қала, бақша қаласы болады. Бұл біздің мақсатымыз және оған бірге жетеміз. Былтыр, 2020 жылы 148 аула мен 60 қоғамдық кеңістік жаңадан тұрғындарға пайдалануға берілді.

Осы жылы 150 аула мен 28 қоғамдық кеңістікті абаттандырамыз.

Елбасы сұхбатында елорданың бас жоспары ғимараттардың, жасыл желектер мен орманның симбиозы ретінде жасалғанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды да жалғастырамыз. Қала тұрғындарының қатысуымен сенбіліктер, экоакциялар тұрақты өткізіледі. Шаһарды көгалдандыруға кез келген адам үлес қоса алады.

– Пандемиядан зардап шегіп жатқан кәсіпкерлерге қандай қолдау шаралары көрсетілді?

Ия, пандемияның салдарынан қабылданған карантиндік шектеулер кәсіпкерлік ортаға көп зиян тигізді. Төтенше жағдай уақытында және одан кейінгі шектеулердің салдарынан Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 79 мың шағын бизнес субъектісі немесе 56%-ы жұмысын уақытша тоқтатты.

Пандемияның әсерін өзіне сезініп, анағұрылым зардап шеккен бизес субъектілері сауда, тұрмыстық қызметтер, көлік, қоғамдық тамақтану, туризм, білім, ойын-сауық, спорт және қосалқы қызмет салаларында. Шектеу шараларын енгізуден экономикаға тиетін әсерді азайту және іскерлік белсенділікті қалпына келтіру үшін мынандай шаруалар қолға алынды.

Біріншіден. Айтарлықтай зардап шеккен кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер енгізілді. Сомасы 31 млрд теңгені құрайтын 97 мыңнан астам жеке кәсіпкерлер салықтық жеңілдіктерге ие болды.

Екіншіден. Мемлекеттің меншігіндегі ғимараттарды жалдап отырған кәсіпкерлер, аренда ақысын төлеуден уақытша босатылды.

Үшіншіден. «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасына біршама өзгерістер енгізіліп, кредит мөлшері 6%-ға дейін төмендетілді, субсидияланатын сома 7 млрд.теңгеге дейін өсірілді. Осы мақсатқа бір жылда 2 млрд.теңге дағдарысқа қарсы қаражат бөлініп, 500-ге жуық жоба қолдау тапты.

Төртіншіден. Пандемия кезінде отандық тауар өндірушілерге ерекше назар аударылуда. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жергілікті қамтуды қадағалайтын арнайы комиссия құрылды. Мемлекеттік сатып алуларды жүргізу тәртібі өзгертілді. 2020 жылы комиссияның 30 отырысы өткізіліп, 18 мыңнан астам тауарға СТ-KZ деген, яғни отандық деген сертификаттар берілді.

– Елорда қазақыланбай, ел қазақыланбайды. Қаланы қазақыландыру үшін ең алдымен тілдік орта керек дейтін болсақ, онда жыл сайын ауылдардан келіп қоныстанып жатқандар көп. Алайда, аулада, көшеде балалардың өзге тілде сөйлейтініне куә боп жүрміз. Қала әкімдігі тарапынан жалпы ұлт руханиятына қатысты нендей шаруалар атқаралып жатыр?

Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтсам, нағыз рухани жаңғыруды басымыздан өткеріп жатырмыз десек артық айтқанымыз емес. Елордадағы жаңа көшелерге Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова есімдері берілсе, қаладағы бірнеше мектеп ұлт зиялыларының атымен атала бастады. Былтыр оқу орындарына Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жұмабек Ташенов, Мәшһүр Жүсіп, Ілияс Жансүгіров, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан, Сәкен Сейфуллиндердің есмідері берілді. Биыл да осы қатарлы ұлт зиялыларының есімдері жаңа мектептерге берілуге, республикалық ономастикалық коммисияның шешімін күтіп отыр. Бұл өскелең ұрпақ үшін өте қажет дүние. Әрбір мектеп қабырғасында есімі берілген ұлықтың мұрасын зерттеп, өмірін оқушыларға тәлім етуге жобалар жасалады. Әлем ұстаздарының бірі әл-Фараби мен Ұлы Абайдың мерейтойлары да карантин талаптары сақтала отырып, атап өтілді. Ас та төк той тойлайтын емес, тағылым алып ой ойлайтындай етіп өткізілді деп есептеймін. Пандемияға дейін ұлттық өнеріміз айтыс тұрақты болып тұрды.

Елордамыздың ақын-жазушылары бас қосатын «Жазушылар үйі», «Жазушылар Одағының» астаналық бөліміне берілді. Бүгінде ол жерде қала зиялылары түрлі кездесулер өткізіп, ұлт руханиятына өз үлестерін қосуда.

Оң жағалауда «Қаламгерлер аллеясы» ашылды. Ол жерде асылдарымыз, «үш бәйтерек – Ілияс, Сәкен, Бейімбет» ескерткіштері тұр. Ендігі кезекте осы жерде ұлт зиялылары, алаш қайраткерлері Міржақып Дулатов, Алихан Бөкейханов және Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіштер ашу жоспарымыз бар. Бұл сөзсіз өскелең ұрпақ үшін, ұлт санасын жаңғырту жолында өте маңызды қадам деп білеміз.

Күні кеше, 8 мамыр күні елорданың тумасы, даңқты батыр, ұшқыш Талғат Бигельдиновтің ескерткіші ашылды.

Сонымен қатар биыл Ыбырай Алтынсарин, Дина Нұрпейісова, Қаныш Сәтбаев сынды ұлт ардақтылары да ұмытылмайды. Жақында тағы да 40-тан астам көшесінің аты ауысты.

- Елорда тұрғындарының ең көп көтеретін мәселесі қандай?

2019 жылдың екінші жартысында 721 адам, 2020 жылы 1005 адам, биылғы жылдың жарты жылында 221 қала тұрғындарын жеке қабылдаппын. Қабылдаулар апта сайын, әр жұмада тұрақты түрде жүзеге асады. Және қабылдаулар қала басшылығының барлығының тарапынан жүзеге асады. Мәселен сол 2020 жылы менің орынбасаларларым жеке қабылдауларында 3100 адам қабылдаған. Ең көп көтерілетін сұрақтар әлеуметтік көмек түрлері, баспана, бизнес бастау және жеке өтініштер. Әрбір сұрақ жеке бақылауда. Себебі бұл Мемлекет басшысының халық үніне «құлақ аса білетін мемлекет» қағидасының ең басты алғышарты. Әрбір азаматтың жеке мұқтаждығын шешу арқылы, біз түгел қоғамдағы күрмеулі сұрақтардың алдын аламыз, шешемін табамыз.

Сонымен қатар қала тұрғындарының әрбір көтерген мәселесі толыққанды шешілуі үшін отбасы институтын қолдауға бағытталған «Жанұя» орталығына тек осы жылдың басынан бері әртүрлі сұрақтармен 23 580 азамат келген. Біздің сараптау бойынша келушілердің ең көп көтерілетін сұрағы баспана мәселесі, сол себепті былтыр 2020 жылы арнайы «Тұрғын-үй орталығын» аштық. Биыл ол орталыққа, тиісті сұрақтарымен 5000 нан аса адам келіп үлгерген.

Айта кетейік, сұхбатты «Егемен Қазақстан» басылымының ресми сайтынан https://egemen.kz/article/277514-altay-kolginov-maqsat-–-qolayly-orta-qalyptastyru оқи аласыздар.

Фото: Александр Куприенко

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz

Сәлеметсіз бе, мен Mr.iKomekпін - Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің iKomek бірыңғай байланыс орталығының виртуалды операторымын. Сервис алу үшін алғашқы тіркеуден өтіңіз немесе жеке кабинетке кіріңіз.
Введите свои данные.
Тіркеу сәтті өтті!
Жеке кабинетке кіру үшін өз логиныңыз бен кілтсөзіңізді енгізіңіз.
Өтініштің мән-жайын толықтай жазуды және болса фото/бейне материалдар тіркеуіңізді сұраймыз.
Сіздің өтінішіңіздің өңделу дәрежесін жеке кабинеттен қарай аласыз, сонымен қатар Сіз өтінішті тіркеу нөмірі бойынша іздеу қызметін пайдалана аласыз.
Өтініштің өңделу дәрежесі туралы ақпарат алу үшін өтініштің тіркеу нөмірін енгізіңіз.
Қандай да бір түйткіл туындады ма? Бұл сервисті тағы да пайдаланып көріңіз.
Енді Сіз iKomek орталығына өтініш жібере аласыз немесе өзіңіздің жеке кабинетіңізге кіре аласыз.
iKomek орталығының «Өтінішті іздеу», «Сауалнамадан өту» сияқты қосымша қызметтерін пайдаланыңыз.
iKomek орталығы бойынша қосымша ақпаратпен «FAQ» / «Жиі қойылатын сұрақтар» бөлімінде танысуға болады.
Нұр-Сұлтан – жайлы өмір сүруге арналған қала!
iKomek 109