Еңбек – бәрін жеңбек
Өмір – еңбекте.
Осылай деп білетін «ДОС» тәуелсіз
өмір» орталығы» қоғамдық бірлестігіндегі мына жандар өмірдің алмағы мен
салмағын өте жақсы біледі. Мүгедектер арбасына таңылып, тағдырға табынғанмен,
өмір сүруге деген құлшыныс ешқашан сөнбейді. Орталықтың да мақсаты көңілге
медеу іздеп келген азаматтарға демеу болу.
Дина Ердилдинова, «ДОС» тәуелсіз өмір» орталығы» ҚБ төрайымы:
Біз 18 жастан жоғары мүгедектермен жұмыс істейміз. Бүгінде орталықта мұндай 100-ге жуық адам бар. Олардың ішінде таланттылары өте көп. Бірі кесте тіксе, екіншілері ою ойып, енді бірі ағаштан түрлі бұйым жасайды. Алдағы уақытта бұл жұмыстардың барлығын бір жерге жинап, дүкен ашып, оларды ары қарай ынталандыруды жоспарлап отырмыз.
27 жастағы Кенжегүл Кикенованың бұл орталыққа келгеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Тоқыма тоқып, іс тігуге шебер ол жұмыстан қолы қалт етсе, бисерден түрлі әшекей бұйымдар өреді. Осылай кейіпкеріміз сынаптай сырғыған уақыттың әр минутын жоспарлы пайдалануды әдетке айналдырған.
Кенжегүл Кикенова, Астана қаласының тұрғыны:
Мен Астанада туып-өскенмін. 1-топ мүгедегімін. Бұрын ештеңе істемей, үйде отыратынмын. Ол кезде тек тоқыма тоқуды ғана ермек еттім. Мүгедек адамның қандай болатынына да білмеппін. Сөйтсем, әр адамның денсаулығына қарай мүгедектіктің де бірнеше түрі болады екен. Бойы кішкентай болғанымен, қолымнан іс тігу де, үй шауасын атқару да келеді.
Алда, 10-қазан күні елімізде мүгедектер күні аталып өтілмек. Елордалықтар бұл күнді ерекше мерекелеуді жоспарлап отыр. Ал, қолынан өнер тамған, талантты жандардың бұйымдары алдағы уақытта дүкен сөрелерінен табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz