Жамбыл және Павлодар облыстарының фермерлері жәрмеңкеге 900 тоннадан астам өнім әкелді
Астана қаласы әкімдігінің алдындағы алаңда сауда шатырлары құрылды. Бүгін жыл сайынғы ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде Жамбыл және Павлодар облысының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынуда. Жаңбырға қарамастан астаналықтар жеміс-көкөністер, ет, балық және кондитерлік өнімдер және т.б. сатып алып жатыр.
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов те жәрмеңкеге ат басын тіреді. Қала басшысы сауда шатырларын аралап, әкелінген тауарлармен танысты.
«Әр сенбі сайын қалалық алаң шағын базарға емес, ең әуелі белгілі бір облыстардың ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесіне айналады, бұл тауарды өткізу мүмкіндігі. Аралап көрсеңіз, мұнда еуропалық сапамен өнімдер шығаратын облыстың ауыл шаруашылық компаниялары, кәсіпорындары көп», - деді ол.
Жәрмеңкеге Павлодар облысынан жалпы көлемі 750 тонна, Жамбыл облысынан 190 тонна өнім әкелінді.
Барлық тауарлар Астана қаласының базарларына қарағанда 15-20% арзан сатылады. Аталған екі облыстың қатысуымен өтетін жәрмеңке ертең де жалғасады. Ал алдағы демалыста, 4 және 5 қыркүйекте елордаға Қарағанды және Ақтөбе облыстарының тауар өндірушілері келеді.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz