Елімізде базалық зейнетақы өседі
Елімізде зейнеткерлікке шыққан қарттарды сапалы өмірмен қамтамасыз ету үшін жаңа әлеуметтік бағдарламалар әзірленіп, әлеуметтік қамсыздандырудың біртұтас жүйесі қарастырылған.
Қазақстанда егде жастағы азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыруға зейнетақы төлемдері, мемлекеттік жәрдемақылар, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету мен әлеуметтік көмек көрсету жатады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді. Оның айтуынша, тұрмысы төмен қарттарға ТКШ қызметтері мен қатты отын шығындарын өтеу үшін тұрғын үй көмегі көрсетіледі.
Бүгінде қариялардың жалғыз табысы зейнетақы болып табылады, ақшалай төлем мөлшері де аса өзекті мәселе. Зейнетақы көлемін ұлғайту мақсатында зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдамасы әзірленді. «Зейнетақы жүйесін жаңғырту шеңберінде зейнетақы төлеу тетіктерін өзгерту қарастырылған. Бұл зейнеткерлікке 90-шы жылдары шыққандарға қатысты, жұмыс істегенін растайтын жұмыс берушілер болмағандықтан олардың еңбек өтілдері ескерілген жоқ. Алдағы уақытта базалық зейнетақы тағайындау тетігі өзгереді. Енді Кеңес заманындағы 1991 жылға дейінгі, 1991-1998 жж жұмыс өтілі, оған қоса 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескерілетін болады. Осыған байланысты базалық зейнетақы мөлшері өседі деп күтілуде. Қазіргі кезде зейнеткер 10 450 теңге алып келсе, бұдан былай 20 000 теңге төленетін болады», - деп хабарлады Светлана Жақыпова.
Тұжырымдамаға сәйкес жаңа механизм 2017 жылдан бастап іске қосылады. Сонымен қатар, зейнетақы төлемдері орташа күнкөрістің ең төменгі деңгейін құрайтын мұқтаж азаматтарға атаулы көмек көрсету көзделген.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz