Астана кубогы елордада қалды
Елордалық Оқушылар
сарайында 1-5 маусым аралығында жасөспірімдер арасында Астана кубогына «Жас үміт» атты
тоғызқұмалақтан республикалық турнир болып өтті. Сайыс жеке және командалық
есепте швейцария жүйесі бойынша ұйымдастырылған. Жас ерекшеліктеріне сәйкес 9,11 және 14 жас
аралығындағы қатысушылар 7 кезең бойынша сайысқа түсті. Бұл жайында astana.kz
сайтына турнирді ұйымдастырушы дене шынықтыру және спорт туризмі басқармасы
хабарлады.
Біз төрт күн бойы Астана мен Алматы қалалары мен қатар 13 облыстан келген 25 команданың 156 спортшысының тартысты бәсекесіне куә болдық. Қатысушылардың арасында 20- ға жуық спорт шеберіне үміткер, сондай-ақ, еліміздің түкір-түкпіріндегі сайыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары бар»,- деп хабарлады ұйымдастырушылар.
Сайыстың алғашқы күнінде Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан аудандары мен Астана және Алматы қалаларының командалары озық ойын өрнегін көрсетсе, кейіннен олардың қатарына Батыс Қазақстан облыстарынан келген командалар қосылды. Бесінші кезеңнің қорытындысы бойынша астаналықтар мен Оңтүстік Қазақстан командалары 19 ұпаймен алдыңғы қатардан көрінсе, турнирдың соңына қарай астаналықтар 30 ұпаймен тізгінді өз қолдарына алды. Екінші орынды ОҚО иеленсе, Батыс Қазақстаннан келген командалар үшінші орынды місе тұтты.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар, медальдар, алғыс хаттар табысталды. Бас жүлде ретінде жас зияткерлерге сайыстарда бақтарын сынауға, жоғарғы деңгейдегі дайындыққа зор мүмкіндік туғызатын соңғы үлгідегі планшеттер табыс етілді. Командалық сайыс жеңімпаздары Кубокпен марапатталды.
Сонымен қатар, өзге де қатысушыларға түрлі аталымдар бойынша арнайы сыйлықтар берілді: «Жігіт сұлтаны»- Мейірлан Тінәлиев (БҚО), «Қыз аруы» - Әйгерім Әлімжан (Алматы), «Үздік ойыншы)- Болатбек Шораев (Атырау), «Ең жас ойыншы»- Жібек Манрбекқызы (Астана қаласы-2006ж), «Үздік төреші) Фарида Әуесбаева, ( Қызылорда), «Үздік жаттықтырушы» - Дүрияш Рамбердиева.
Қатысушылар турнир Кубогын Астана қаласының спортшыларына лайық деп таныды,- деп атап өтті ведомства.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz