Қазақстанда тұңғыш тәуліктік ультрамарафон өтеді
Бүгін Астанада
тәуліктік ультрамарафоны басталады, оған Қазақстан мен өзге елдерден келген
марафоншы спортшылар мен жүгіруге әуес адамдар қатысады. Мұндай спорттық
іс-шара елімізде алғаш рет өтіп жатыр, деп хабарлады ұйымдастырушылар, Астана
қаласының «Желаяқ» жүгіріс және салауатты өмір салтының әуесқойларының
үйірмесі.
«Спорттық іс-шараның мақсаты – салауатты өмір салты мен мәдениетті насихаттау, спорт арқылы тұлғаның үйлесімді дамуына ықпал ету, үздік марафоншыларды анықтау, адам ағзасының әлеуетті мүмкіндіктерін ашу»,- делінген ақпаратта.
Екі күндік жарыс Астана қаласының Орталық қалалық паркінде шаңғы-роллерлік трассада өтеді. Трассаның ұзындығы - 2,5 км. Спортшылар 24 сағаттық, 12 сағаттық және 6 сағаттық жүгіруде бақ сынасады.
«24 сағаттық жүгіру 3 тамызда сағат 11.00-де басталады. Спортшылар келесі күні сағат 11.00-де мәреге жетеді. Ал 12 сағаттық жүгіріс 23:00-де басталып, 4 тамызда 11:00 аяқталады. 6 сағаттық жүгіріс 3 тамызда сағат 11:00 - 17:00-ге дейін жалғасады»,- дейді ұйымдастырушылар.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар және естелік сыйлықтар табыс етіледі. Сондай-ақ, мәреге жеткен спортшылардың барлығына дипломдар мен кәдесыйлар беріледі.
Іс-шара елордалық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен Астана қаласының «Желаяқ» жүгіріс және салауатты өмір салтының әуесқойларының үйірмесінің, Шри Чинмой Әлем Орталықтары Қауымдастығының мұрындық боулымен ұйымдастырылды.
"Өзін-өзі жеңу" жарысы әйгілі философ, гуманитарлық қайраткер және спортшы Шри Чинмойдың бастамасымен әлемнің көптеген мемлекетінде өткізіледі. Онда бірқатар жоғары қашықтықтарға жүгіру, екі миль қашықтыққа жүгіру және триатлонның бірнеше түрі мен басқа да жарыстар ұйымдастырылады.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz