Спорт күні «The Sun Trip: Астана ЭКСПО-2017 бағытында» веложарысына қатысушылардың бәрі Астанада бас қосады
Елордада «The Sun Trip: Астана ЭКСПО-2017 бағытында» теңдессіз веложарысына қатысушылармен жаппай веложорық өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан хабарлады.
Веложарыс 15 маусымда Савойя (Франция) қаласында басталған болатын, оған 33 спортшы қатысты. 17 тамызда мәреге жеткен барлық спортшылар күн батареясынан қуат алатын электр моторлы велосипедтерімен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін қаламызда тағы да бас қосады.
Еске салайық, 15-18 тамызда Астанада Спорт күніне арналған бірқатар ауқымды жаппай іс-шаралар өткізіледі. Президенттік миль аясында жүгіруден жарыс ұйымдастырылады.
13-16 жастағы балалар мен жасөспірімдер 800 м, ерлер мен әйелдер, зейнеткерлер 2400 м қашықтықта бақтарын сынайды. Астананың спорт алаңдарында шағын футболдан турнирлер, балалар мен ата-аналарға арналған «Көңілді старт» жарысы, спортшылардың көрнекі орындаулары, судағы спорт түрлері бойынша қаланың ашық біріншіліктері, әуесқойлар арасында теннистен турнир, Самал шағын ауданындағы ашық алаңда баскетболдан әуесқойлар лигасының ақтық жарысы ұйымдастырылады. Бұдан басқа, елорда тұрғындары мен қонақтары Ашық есік күндері аясында қаладағы барлық спорт нысандарын аралай алады. Айта кетейік, тамыз айының әрбір үшінші жексенбісінде Қазақстанда дене шынықтыру мамандарының кәсіби мерекесі атап өтіледі. Елордада негізгі іс-шаралар 17 тамызда «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда өтеді.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz