Ұлттық валюта күніне орай елордада қаржыгерлер мен мемлекеттік қызметкерлер арасында спартакиада өтті
«Алау» мұз сарайында Ұлттық валюта - теңге күніне және
еліміздің қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай жыл сайынғы
спартакиада ұйымдастырылды. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Туризм, дене
шынықтыру және спорт басқармасынан хабарлады.
Жарыс волейбол, шахмат, үстел теннисі, шағын футбол, бильярд сынды 5 спорт түрінен ұйымдастырылады. Оған мемлекеттік қызметкерлердің, Департаменттердің, Басқармалар мен Астана қаласының аудандық әкімдіктерінің командалары қатысты.
Іс-шараның қорытындысы бойынша, жалпы командалық есепте Салық комитеті 1-орын, Қазынашылық департаменті 2-орын, Қаржылық бақылау инспекциясы 3-орын алды.
Айта кетейік, жарыс қорытындысы бойынша шағын футболдан Қазынашылық департаментінің командасы, волейболдан Салық комитетінің құрамасы топ жарды. Шахматтан Қаржылық бақылау инспекциясы, үстел теннисінен Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы үздік шықса, бильярдтан Қаржы басқармасы жеңімпаз атанды.
Іс-шараның негізгі мақсаты мен міндеті - салауатты өмір салтын және бұқаралық спортты дамыту және насихаттау, жағымды имиджді нығайту, мемлекеттік қызметкерлерді дене шынықтырумен және спортпен белсенді айналысуға тарту болып табылады.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz