Елордалық баскетболшылар мәскеулік ЦСКА-мен алғашқы кездесулерін өткізеді
12 қаңтарда «Сарыарқа» велотрегінде баскетбол әуесқойлары үшін маңызды кездесу өтеді. «Астана» өз алаңында ВТБ бірыңғай лигасының қазіргі чемпионы - мәскеулік ЦСКА клубын қабылдайды. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Туризм, денсаулық сақтау және спорт басқармасынан хабарлады.
Ресей кубогының бірнеше дүркін иегері, талай рет Ресей чемпионы атанған команда, Евролига чемпионы - ЦСКА елордамызға алғаш рет келіп отыр. Қазіргі уақытта атақты әскерилер қазақстандық клуб өнер көрсететін В тобының турнирлік кестесінде екінші орында тұр. Мәскеулік ЦСКА 1924 жылы құрылды, 1945, 1960-1962, 1964-1966, 1969-74, 1976-1984, 1988, 1990 жылдары КСРО чемпионы, 2010/11 жж ВТБ бірыңғай лигасының күміс жүлдегері атанған.
Айта кетейік, қаңтар айында «Астана» БК қызу жұмыс істейді. 15 қаңтарда олар ҚР чемпионаты аясында Ұлттық лига командаларының ішінде өз алаңында Атыраулық «Барсы» БК қабылдайды. 18 қаңтарда сырт алаңда Самара қаласының «Красные крылья» командасымен, ал 26 қаңтарда тағы да еліне оралып, волгоградтық «Красный октябрь» командасымен күш сынасады.
Бүгінде елордалық баскетболшылар сербиялық маман Александар Трифуновичтің жетекшілігімен жаттығып жүр, ол команданы жаңа деңгейге шығармақ.
Еске салайық, ойын 12 қаңтарда сағат 17:00 елордалық «Сарыарқа» велотрегінде өтеді. Кіру тегін.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz