Астанада өткен велошеруге 2 мыңнан астам адам қатысты
Астанада көптен күткен велошеру болып өтті. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов бастап, «Astana Pro Team» қазақстандық велокомандасының белгілі спортшылары қоштаған шараға 2 мыңнан астам қала тұрғыны қатысты. «Салтанат Сарайынан» басталып «Астана Арена» стадионына дейін жалғасқан шерудің ұзақтығы 4600 м созылды.
Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:
«Конституция күнінің қарсаңында біз тағы да бір елордамыздағы спорттық іс-шарасын тамашалп тұрмыз. Мұндай веложүрісті Астана күнінің қарсаңында да өткізген болатынбыз. Осы сайысқа осыншама халықтың қатысуы, жастардың қатысуы бұл ең алдымен Астана тұрғындарының спортқа қызығушылығын көрсетеді».
Әбілқайыр Душанов, Астана қаласының тұрғыны:
«Бүгінгі іс-шараға қатысқаныма өте дән ризамын. Оған 2 мыңнан астам адам қатысты. Соның бірі болғаныма қуаныштымын. Жылдың қай мезгілі болмасын спорттық шаралар, эстафеталар жиі өткізіліп тұрса деймін».
Спорт әр кезде де дене қуатын нығайтып, төзім мен ептілікті арттырып, адамның сана-сезімі мен ойлау қабілетін күшейтеді. Осыны жақсы білген, көңілге түйген астаналықтар мұндай игі шаралар жалғасын тапса екен дейді. Еске салайық, бұл веложорық қазақстандық велоспорттың 100 жылдығы мен Конституция күніне арналды.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz