ҚР Президентінің сыйлығы сарапқа салынуда
10-14 қыркүйекте Өскеменде ҚР Президенті жүлдесіне V Халық спорт түрлерінің Ойындары өтеді. Жарыста Қазақстанның барлық аймақтарынан келген спортшылар 9 спорт түрінен 51 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Халық ойындарының алғашқы күндерінде Астана құрамасы өз қоржынын толтыруда.
Үш спорт түрінен сайыстар аяқталды. Армрестлингте елорда құрамасы үш күміс жүлде иеленіп, жалпыкомандалық есепте үшінші орын алды. 70 кг салмақ дәрежесінде Заир Ахмедов, 100 кг дейінгі салмақта Георгий Дзеранов және 100 кг артық салмақта Игорь Кузьмин екінші орынға тұрақтады. Алдағы уақытта спортшылар Литвада өтетін әлем чемпионатына қатысады.
Қазақ күресінен де палуандарымыз құр қол келген жоқ. Екі қызымыз Әлия Жылқыбаева (+75 кг) мен Алена Литвиненко (+75 кг) күміс жүлде алды, ерлер арасында Талғат Шегенов (60 кг) пен абсолюттік салмақ дәрежесінде Ғани Сейділдаев қоланы қанағат тұтты. Бұл спорт түрінен елордалықтар командалық есепте жетінші орынға орналасты. Асық атудан спортшыларымыз бәсекелестеріне есе жіберді.
Гір көтеруден Астана құрамасы үш жүлде мен жалпыкомандалық төртінші орынды иеленді. Алтын медальмен 85 кг салмақта Ринат Гильмутдинов ерекше көзге түссе, Әділбек Әшімов пен Жомарт Тлеушев сәйкесінше 68 және 73 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды.
Жақын арада үстел үсті теннисінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Волейбол, шағын футбол, тоғызқұмалақ пен президенттік көпсайыстан да жарыстар өтеді. Халық ойындары 14 қыркүйекте салтанатты түрде жабылады.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz