Елордалық автопарктер 350 жаңа автобус сатып алады
2015 жылдың соңына қарай елордалық автопарктер «Iveko Bus» француз компаниясының 350 жаңа автобусын сатып алады. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан хабарлады. Қазіргі кезде қалалық қоғамдық көліктердің жұмыс сапасын арттыру бойынша біршама істер қолға алынды. Алдымен, автобустарды кезең-кезеңмен жаңарту жоспарланған.
Ескі автобустар жаңаларымен алмастырылып, бағыттар бойынша 180 автобусты құрайтын тапшылықты жояды. Мысалы, бүгінде Қосшы кентінің тұрғындарына үш бағытты автобус қызмет көрсетеді: № 27, № 43 және № 52. Ведомствоның хабарлауынша, аталған елдімекен үшін бұл жеткілікті. Дегенмен, әр бағыт бойынша автобустар санын ұлғайту керек. Осылайша, осы бағыттағы жүктеме төмендейді, ал автобустардың жүру аралығы азаятындықтан тұрғындар аялдамада ұзақ тұрмайтын болады.
Сонымен қатар, сатып алынатын автобустар Астананың маршруттық желісін кеңейтуге бағытталады. Соның арқасында жаңа тұрғын аудандары мен жақын маңдағы елдімекендер қаланың негізгі бөлігімен қосылады. Бұл жеке көлігі жоқ тұрғындар үшін қолайлы болмақ.
Айта кетейік, Астанада қалалық қоғамдық көлік жұмысын қамтамасыз ететін 8 компания жұмыс істейді. Автопарктердегі 890 автобус тәулігіне 750 мыңға жуық жолаушыны тасымалдау мүмкіндігіне ие.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz