Елордалық тасымалдаушылар ерекше акция өткізеді
Астана халқының жартысына жуығы қоғамдық көліктермен жүреді. Күн сайын тасымалдау сапасын арттыру және кондукторлардың жұмысын бақылау мақсатында бағытты автобустарды бақылау-желілік қызметі тексереді.
Мамандар үшін кондукторлардың міндеттерін адал орындауы және жолақысын алып, билет бермеу жағдайларына жол бермеу аса маңызды. Кондуктордың билетсіз жолақы алуы автопарктердің бюджетіне кері әсерін тигізеді. Соның салдарынан кірістің төмендеуі, салық салу базасының азаюы және т.б. мәселелерге жол беріледі. Ал тасымалдаушылар әлеуетті табысын толық алмайды.
Елордалық тасымалдаушылар да осы мәселелерді шешуге үлес қосып, ерекше акция ұйымдастырмақ. Барлық қалалық жолаушылар автобустарында «Кондуктор билет бермеді ме? Онда тегін жол жүресің» деп жазылған плакаттар болады. Акция кондуктор билет бермеген жағдайда, жолаушыға тегін жол жүруге болатынын жеткізеді. Бақылау-желілік қызметінің кезекті тексеруі барысында жауапкершілік кондукторға ғана жүктеледі. Шара өз пайдасын көздеген кондукторлармен жұмыс істеуде оң нәтиже беріп, жалпы жолаушылардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді, дейді тасымалдаушылар.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz