Студенттік құрылыс жасақтары жастарды еңбекке баулиды
Ерінбей еңбек етіп, тіленбей қарындарын тоқтап жүрген
елордалық студенттер жазғы демалысты пайдамен өткізуде. Бүгінде 1100 жас
жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 700-і құрылыс саласында напақа табуда.
Диас Өсербаев, Астана қаласы Студенттік және құрылыс жастарының еңбек жасақтар штабы қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Мамыр, сәуір айларында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, жұмысқа қабылдау мерзімі 1 маусымнан басталады. Қанша уақыт жұмыс істеу, ол студенттің еркіне байланысты. Құрылыс – алғашқы қар түскенше жүргізілсе, сол уақытқа дейін жұмыс істеуге рұқсат.
Құрылысшы болу Арысбаев Асыларманның бала арманы еді. Бір айдан бері ол құрылыс жасағында бригадир көмекшісі болып жұмыс істейді. Құрылыс саласында маманданып жатқан жеткіншектің ендігі арманы алған тәлімін кәсіпте шыңдап ел игілігіне қызмет ету.
Асыларман Арысбаев, бригадир көмекшісі:
Құрылыс саласында жұмыс істегенде қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Біз бірінші кезекте техникалық қауіпсіздікпен таныстық. Кішкентай кезімде құрылыс саласында жұмыс істеп, биік ғимараттарды салуды армандайтынмын. Қазіргі уақытта сол арманыма жетіп, Астанада білім алып, астанамыздың дамуына, Қазақстанның дамуына өз үлесімді қосып жатқаныма өте қуаныштымын.
Жазғы еңбек маусымына 16 мен 29 жас аралығындағы студенттер қабылданған. Бұл студенттік құрылыс жасағы ақша табудың көзі ғана емес, жастардың рухын көтеріп, еңбекке баулып, еңбекқорлыққа тәрбиелейтін үлкен мектеп.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz