Жұмыссыз жүрген жастар үшін бос орындар жәрмеңкесі өтуде
Астанада Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасының ұйымдастыруымен Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз жастарға
арналған бос орындар жәрмеңкесі өтіп жатыр. Бұл туралы аталған ведомствоның
баспасөз қызметінен хабарлады.
Бос лауазымдар жәрмеңкесі бұл - бірнеше сағат ішінде ондаған жұмыс берушімен сұхбаттасатын жұмыссыздарға өте қолайлы мүмкіндік, дейді орталықтағылар.
«Бүгінгі жәрмеңкеге 15-тен артық жұмыс беруші шақырылды. Мысалы, елордалық ІІД күзет саласынан 200 бос орын ұсынып отыр, бұдан басқа, бала бақшалар датәрбиешілер мен көмекшілер іздеуде, құрылыс ұйымдары көптеген бос орындар ұсынып отыр» - деді astana.kz сайтына берген сұхбатында Астана қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» ҚМК қабылдау және жұмысқа орналастыру бөлімінің басшысы Аяжан Қазкеева.
«Бұл биыл өткізіліп отырған 12-ші және соңғы бос орындар жәрмеңкесі, ол арнайы жастар үшін өткізіліп отыр. Сонымен қатар, 9-11 сынып оқушыларына арналған кәсіби бағыттау жұмыстары қолға алынды. Онда қазіргі кезде нарықта қандай мамандықтарға сұраныс көп екені түсіндіріледі», - дейді Аяжан Қазкеева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкеде Жұмыспен қамту орталығының мамандары түрлі сұрақтар бойынша кеңес беруде. Олар қайта оқыту және жаңа мамандық алудың мүмкіндіктері, оқу орындарының түлектеріне жастар тәжірибесінен өту мүмкіндіктері және жалпы Жұмыспен қамту 2020 жол картасы бағдарламасы шеңберіндегі басқа да мемлекеттік қолдаулары туралы айтады.
Жәрмеңке Астана қаласы әкімдігі Жұмыспен қамту орталығы ғимаратында сағат 13.00 жалғасады.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz