Жыл басынан бері үш мыңға жуық астаналық жұмысқа орналастырылды
Астана қаласында «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» және «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» бағыттары бойынша жүзеге асырылуда.
Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығының хабарлауынша, бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде ағымдағы жылдың 1 қазандағы жағдайы бойынша 7 нысандарда жұмыстар аяқталды (№ 1 қалалық аурухана, № 2, 3 және 9 қалалық емханалар, № 10 мектеп-гимназиясында, № 40 орта мектебінде, «Демеу» отбасылық медицинасының оқу-тәжірибелік орталығы).
Сондай-ақ, қазіргі таңда Астана қаласы әкімдігінің «Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында», № 3 қалалық емханасының жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімінде күрделі жөңдеу жұмыстары жалғасуда.
Аталған бағыт бойынша 144 адам, оның ішінде жұмыспен қамту бағытымен 72 адам жұмысқа орналастырылды.
Бағдарламаның «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» бағыты аясында жыл басынан бері бағдарламаға қатысу үшін 2 994 адам өтініш берген. Тұрақты жұмыс орындарына 2 759 адам жұмысқа орналастырылды. Мемлекеттік қолдау шараларымен 747 адам қамтылды: 551 адам жастар практикасына жіберілді, 114 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды, 82 адам қайта даярлау курстарына жіберілді.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz