Елордада Сержан Башировтың 100-ге жуық зергерлік бұйымы көрмеге қойылады
Астана қаласының Қазіргі заманғы өнер мұражайында 18
наурызда белгілі суретші, зергер, педагог, Қазақстан суретшілері одағының
мүшесі, «ЮНЕСКО сапа белгісі» сертификатының иегері Сержан Башировтың
«Бәйшешек» атты жеке көрмесінің вернисажы өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына
мұражайдың баспасөз қызметінен хабарлады.
Көрмеге 2000-2014 жылдары жасалған 100-ге жуық зергерлік бұйым, шағын мүсін мен инсталляция қойылады.
«Башировтың әрбір туындысы көшпенділердің өміріне арналған. Шебердің өз қолымен жасалған асыл тастармен және тотемдермен әшекейленген бірегей күміс сақиналары мен білезіктер, түрлі тұмарлар мен бойтұмарлар, ол үшін бұйымдар көзді қуантып тұруы аса маңызды. Бұл әшекейлерге шығыс экзотикасын аңсаған шетелдіктер де, түрлі жастағы қазақстандықтар да қызығушылық танытады»,- деп хабарлайды мұражайдың баспасөз қызметі.
С.Башировтың еңбектері Алматы, Астана, Өскемен және Семей қалаларындағы мұражайларда көпшіліктің назарына ұсынылған. Бұдан басқа, Шығыс халқы мұражайында (Мәскеу), Азия және Тынық мұхит мұражайында (Варшава) және Штутгарттағы этнографиялық Линден-мұражайда (Германия) да қойылған.
Сержан Башировтың «Бәйшешек» атты жеке көрмесі Астана қаласының Қазіргі заманғы өнер мұражайында 2014 жылғы 18 наурыздан 7 сәуірге дейін өтеді.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz