Армандары біріктірген халықпыз
«Бір Отан – бір халық!» Осындай ұранды жалау еткен Астана қаласы түркі
халықтарының этномәдени бірлестіктері жылсайынғы Қазақстан халқының XIV достық
фестивалінде бас қосты.
Мұрат Камилұлы, Астана қаласы ұйғыр этно-мәдени орталығының төрағасы:
Мұндай фестивальдер қажет. Өйткені болашақ жастар әр ұлттың салт-дәстүрін білуі керек. Ал, бұл мереке сол дәстүрді насихаттап, шығармашылық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Астанада 28 мәдени орталық бар. Бүгінгі шара өзге ұлттардың өнерін тамашалап қана қоймай, достығын нығайтады деп ойлаймын.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен кеште 21 этно-мәдени бірлестік өз өнерін ұсынды. 6 аталым бойынша өнер көрсеткен жастар ән айтып, би билеп, ұлттық астапта ойнады. Алайда, айта кету керек, мұнда жеңімпаздар анықталмайды. Өйткені, мұнда бақталастық емес, берік достық бірінші кезекке қойылған.
Ләззат Құсайынова, Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарушы хатшылығының өкілі:
Біз жастардың өнерін бағалап, жүлде үйлестіруді мақсат етпейміз. Бастысы, концерт көріп, рухани азық алу. Сол үшін әр елдің мықты өнерпаздарын шақырып, өнерлерін тамашалауды ұйғардық. Бұл жастарды 1-мамырда өтетін кешке де қатыстыру жоспарланып отыр.
Аталған жиында неміс этно-мәдени орталығының қолөнер шеберлері жасаған бұйымдарын ел назарына ұсынды.
Татьяна Гусак, «Возрождение» неміс қоғамдық ұйымының мүшесі:
Біздің үйірмеге әр жастағы адамдар келеді. Ең кішкентайымыз 5-те болса, ең үлкені 80-нен асқан. Бүгін бисер мен қағаздан жасалған бұйымдарды әкелдік. Үйірмеге келем деушілердің ұлты маңызды емес, бастысы моншақтан түрлі бұйымдар өріп үйренем деген ниет пен шыдам болса болғаны.
1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде аталып өтіледі. 100-ден астам ұлт тұратын Қазақстан үшін бұл мерекенің орны бөлек. Қазақстан халқының бірлігінің белгісіндей болып кеткен фестиваль 19, 20-шы сәуір күндері өтеді.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz