Астанада әз-Наурыз кең ауқымда аталып өтілді
Астанада Наурыз мерекесі сәні мен
салтанаты жарасып кең ауқымда аталып өтілді. Барлық іс-шаралар қала әкімдігі
бекіткен «Армысың, әз Наурыз» байқау ережесі аясында ұйымдастырылды. Байқауға
аумақтық мекемелер, жергілікті мемлекеттік органдар, құрылымдық мекемелер,
денсаулық және спорт мекемелері, орта арнаулы және жоғары оқу орындары, көлік,
байланыс және басқа да кәсіпорындар, халыққа қызмет көрсету мекемелері (халыққа
қызмет көрсету орталықтары, сауда орындары, қонақ үйлер, мейрамханалар, банктер
және т.б.) қатысты. Бұл туралы Астана қаласының
Тілдерді дамыту басқармасы мәлім етті.
Байқау шарты бойынша байырғы дәстүрді ұлықтап, оның табиғилығы мен шынайылығына мән берілуі керек. Сонымен қатар, Наурыз мейрамының байырғы мазмұнын ашып, ұлттық киім жарасымдылығы, ұлттық тағамдардың дайындалуы, ұлттық ойындар мен салттардың көрсетілуіне аса мән берілген.
Ал, тіл жанашырлары, мәдениет, қоғам қайраткерлерінен тұратын 45 адамнан құрылған комиссия 132 мекемені аралап, бағасын берді.
Наурыз мейрамындағы іс-шаралар қорытындысы 29 наурызда Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында жарияланады. 7 сала бойынша іріктеліп алынған 21 мекемеге арнайы сыйлықтар табыс етіліп, тағы бірнеше мекеме ынталандыру сыйлықтарымен марапатталады.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz