27 наурыз – Халықаралық театр күні
27 наурыз күні бүкіл әлемде Театр күні атап өтіледі. Бұл
мереке әуесқойлармен қатар, сахна саңлақтары үшін өте маңызды. Елордада өткелі
жатқан мерекеге тиянақты түрде дайындық жүргізілді. 27 наурызда сағат 17.00-де
Бейбітшілік және келісім сарайында Астана театрларының қайраткерлері
марапатталады. Сонымен қатар, қазақ эстрадасының белгілі әртістерінің
қатысуымен концерт өтеді. Бұл туралы Мәдениет басқармасынан хабарлады.
Мерекеге астананың жеті театры: Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ академиялық музыкалық-драма театрының, М.Горький атындағы Орыс академиялық театрының, Жас көрермендер театрының, Көңілділер мен тапқырлар театрының, Қуыршақтар театрының, «Наз» мемлекеттік би театрының және «Терра» би театрының шығармашылық ұжымы қатысады.
«Іс-шара барысында Астана театрларының еңбегі сіңген қайраткерлері: актерлер, режиссерлер, балетмейстерлер марапатталады. Оларға Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетовтың, әкімнің орынбасары А.Балаеваның және Мәдениет басқармасының бастығы Б.Мажағұловтың қолы қойылған алғыс хаттар табыс етіледі. Алғашында біз аталымдар бойынша марапаттағымыз келді. Алайда, Астанада 7 театр жұмыс істейтіндіктен және олардың әрқайсысы әртүрлі болғандықтан, өзіндікке ерекшелікке ие. Сондықтан, алғашқы ойымыздан бас тартып, ең үздіктерді ғана марапаттауды ұйғардық», - дейді Мәдениет басқармасы Өнер бөлімінің бас маманы Бақыт Нұрпейісов.
27 наурыз Мереке мәртебесіне 1961 жылы Венада өткен, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық театр институтының ІХ Конгресінде қол жеткізді. Сол уақыттан бері бұл күнді бүкіл әлемде мереке ретінде атап өтеді. Жыл сайын Театр күнін елордада тойлау дәстүрге және мәдени мерекеге айналды. «Әдетте 27 наурызда Мәдениет басқармасының басшылығы астаналық театрларға барып, мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап тұратын. Алайда биылғы жылы барлық театр әртістерін Бейбітшілік және келісім сарайына жинап, ерекше атап өтуді ұйғардық», - дейді Бақыт Нұрпейісова.
Бұл күні театрлар қайраткерлері сахнада өнер көрсетпейді, көрермен болып көңіл көтереді. Концерттік бағдарламаға «Бәйтерек» тобы, «Манго» тобы, «Терра» би театрының актерлері, Маржан Арапбаева сынды қазақ эстрадасының әйгілі әртістері қатысады.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz