Қала әкімдігінің үздік құрылымдары марапатталды
Астана күні
қарсаңында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов әкімдіктің үздік
құрылымдарын марапаттады.
Рейтинг нәтижесінде «Үздік аудан» аталымы бойынша Алматы ауданы жеңімпаз деп танылды. Иманғали Тасмағамбетов Алматы ауданы әкімдігінің ұжымын ауданды абаттандырып, халыққа қалтқысыз еңбек етуде озық шығып, алға қойған мақсат-міндеттерді абыроймен атқарғаны үшін аудан әкімі Павел Кулагинге Алғыс хат тапсырды.
Ал, Астана қаласының Тұрғын үй басқармасы «Үздік мемлекеттік мекеме» атанды. Қиындыққа қарамастан, қала тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуде аталған басқарма қажырлы, нәтижелі еңбек етіп келеді, - деп атап айтты қала басшысы.
«Үздік кәсіпорын» аталымында «Астана-Орманы» ЖШС марапатталды. Кәсіпорын Елбасының тапсырмасы бойынша Астана маңында «Жасыл белдеу» құру жұмысын жүзеге асырып, қаланы көркейтуге қосқан үлестері үшін құрмет грамотасымен марапатталды.
Айта кету керек, «Алматы» ауданының әкімдігі мен Тұрғын үй басқармасының қызметкерлері ақшалай сыйлық алса, «Астана-Орманы» ЖШС ұжымына автобус кілті тапсырылды. Сондай-ақ, қала әкімі 15 жылда Астананың адам танымастай өзгеріп, саяси-экономикалық, мәдени деңгейін тіктеп, белсенді дамып келе жатқанын баса айтты. Ал, оған орасан үлес қосып жүрген қала мекемелері мен құрылым басшыларына қаланы бірге көркейтуге тілектестігін білдірді.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz