Шығыс Ильинкада су сору жұмыстары жалғасуда
Астанада Шығыс Ильинка тұрғын алабында су сору жұмыстары
жалғасуда. Соңғы тәулікте 4205 м³ су сорылды. Қалалық Төтенше жағдайлар
департаментінен astana.kz сайтына хабарлағандай, тәулік ішінде су деңгейі 1 см,
ал жалпы деңгейі 12 см кеміген.
Ведомствоның мәліметтеріне сәйкес, қазіргі уақытта Шығыс Ильинкада 52 адам және 39 техника жұмыс істеп жатыр.
Жалпы, өткен тәулікте Департаментке 375 өтініш келіп түскен, 190 техника тартылды, 12400 м³ су сорылып, шығарылды.
«Тәулік ішінде адамдарды эвакуациялау жүргізілген жоқ. 28 адам, соның ішінде 6 бала қонақ үйлерге уақытша қоныстандырылды. Қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар медициналық және психологиялық көмекке жүгінген жоқ, жарақаттан кейінгі белгілерге шағымданған жоқ»,- деп хабарлайды ведомство.
Сонымен қатар, қала қызметтерінің атап өтуінше, тәулік ішінде Астана су қоймасына 4,9 млн. м³ жиналған. Тасқын су ағынының біршама төмендегені байқалады.
Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz